06
май
2022
ЖЕТІСАЙДА ҰЛЫ ЖЕҢІС МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
![]() | ![]() |
![]() | ![]() |
ЖЕТІСАЙДА ҰЛЫ ЖЕҢІС МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
4 жылға созылған сұрапыл соғыста от кешіп, кеудесін оққа төсеген соғыс ардагерлерінің ерліктері ел есінде мәңгіге сақталып қала бермек. Соғыс зардабы ғасырдан ғасырға жетерлік ауыр қасірет болса, ата-бабамыздың майданда көрсеткен жанқиярлық пен Отансүйгіштік қасиеттері бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік үлгі – аманат болып қалмақ.
Жетісай Ауданында Ұлы Жеңістің 77 жылдығы мен Отан қорғаушылар күні мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Орталық алаңда ұйымдастырылған салтанатты мерекеге аудан әкімі Мұрат Болатұлы мен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әділхан Асауов, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Ермахан Абдраманов пен аудан прокуроры Айдархан Жорықбайұлы, жергілікті мәслихат депутаттары мен Ауған, жергілікті соғыс ардагерлері, аудан зиялылары мен тұрғындары қатысты. Қанды қырғын жылдарынан сахналастырылған композициялар қойылып, аудан өнерпаздарының мерекелік ән шашуларына ұласты. Қала мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары әскери ұрыс қимылдары мен қоян-қолтық жекпе-жек тәсілдерін көрсетіп, өздерінің нағыз отанына қорған бола алатындығын дәлелдеді.
Шара барысында аудан әкімі Мұрат Болатұлы айтулы мерекемен жиылған жұртшылықты құттықтап, салтанатты шараны ашып берді.
«Баршаңызды «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» және «9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жақынынан қапыда айырылу, азап көру және қатал сынақтардан өтіп, қажырлы рухани күшті екендіктерін көрсетіп, қиындыққа төтеп берген, жеңіске жеткен ата-апаларымыз бен сүйікті Отанымыздың тыныштығын күзеткен азаматтарымыздың айтулы мерекесі құтты болсын!
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс туралы естеліктер мен ерліктер үшін мақтаныш ұрпақтан ұрпаққа беріледі, бізді біріктіреді. Біз үшін мызғымас өнегелі бағдар ретінде қызмет етеді.
Күнтізбеде ерекше мәнге ие осынау мерекелерді еліміз ерекше көңіл-күймен атап өтеді. Біз өзімізді осындай бейбіт өмірге жеткізіп, елжанды ұрпақ өсіруге мүмкіндік әперген аталарымыз бен әжелеріміздің ерлігі алдында басымызды иеміз. Осынау мереке күндері сіздерге зор денсаулық пен бақыт, қуаныш және болашаққа деген сенім, сондай-ақ бейбіт, ашық аспан тілеймін!» деді аудан басшысы.
Сонау жылдардағы қанды қырғынға нүкте қойылған қастерлі мерекенің 77 жылдығы, ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толу мерекесі мен тұспа-тұс келген Кеңес Одағының батыры – Тоғанбай Қауымбаевтың да 100 жылдығы аталып өтті.
1418 күнге созылған қайғы қасіреті мол ІІ Дүние жүзілік соғыста көзсіз ерлігі мен қайсарлығының арқасында 1943 жылдың 30 қазанында «Кеңес Одағының батыры» атағын алған Тоғанбай Қауымбаев 1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында дүниеге келген. 1942 жылдың 1 қаңтарында майданға шақырылып, 65-Армияға қарасты 69-атқыштар дивизиясының №237 полкiнiң құрамына түскен жас жауынгер Смоленск майданында соғысқа кiрiседi. 1943-жылы Днепр өзенінен өтіп, жау бекінісіне бірінші болып атой салған жауынгер «Қызыл Жұлдыз», «I дәрежелі Отан соғысы», «Ленин» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Жылы су ауылдық округінде орналасқан №25 жалпы орта мектебінде өткен шарада Тоғанбай Қауымбаевтың ерліктері мен еңбек жолындағы жетістіктері дәріптеліп, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Тоғанбай Қауымбаевтың 100 жылдығы мен ҰОС жеңісінің 77 жылдығы аясында Жылы су ауылдық округі жастарының арасында футболдан турнир өткізіліп, өмірден өткендердің рухына бағышталып ас берілді.
Айта кетейік, 4 жылға созылған сұрапыл соғысқа Мырзашөл топырағынан 13 мыңнан астам сол кездегі жалындаған жастар аттанса, солардың небәрі 3932-сі ғана елге оралған. Олардың ішінен 12 ардагер «Кеңес Одағының батыры» атағына ие болған. Олар кешегі сұрапыл соғыста өлімге қарсы қасқая тұрып, жас өмірлерін ұрпағының бақыты үшін пида еткен.



