ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ҚАТЫСТЫ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ » №7 «Тұран» мектеп-гимназия »КММ
Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының
Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің
"№7 «Тұран» мектеп-гимназия"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72774) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72774) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
14
февраль
2022

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ҚАТЫСТЫ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ

                  
 Айтып келмейтін апаттан адам шығынын болдырмау, алдын алу шараларын мекемелерде, әсіресе, білім беру ошақтарында тиісті деңгейде ұйымдастыру аса маңызды. Өйткені, жалпы орта мектептердің оқушылары мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиеленушілері кез-келген апатты жағдайда өзін жоғалтып, қауіпті жағдайларға ұшырауы әбден мүмкін.
Міне, мұндай олқылықтарды болдырмау, алдын алу мақсатында Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №7 «Тұран» мектеп-гимназиясында оқу-жаттығу шарасы болып өтті.

Шара барысында төтенше жағдай бойынша мектепте дабыл соғысымен оқушылар мен ұстаздар түгелдей эвакуациялық ережеге сәйкес іс-әрекет жасап, ашық алаңқайға жиналды. Арнайы белгіленген посттарда төтенше жағдайға байланысты кезекшілік жасаған жоғарғы сыныптың оқушылары кәнігі құтқарушылардай әрекет жасады. Жарақат алғандарды қауіпсіз аймақтарға жеткізді. Қауіпсіз аймақта мектеп медбикелері жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жарақаттың түрі мен қауіптілігіне қарай таңу жолдарын оқушыларға түсіндірді.

«Шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – айтып келмейтін апатты жағдайларда оқушыларымыз да, ұстаздарымыз да абдырап қалмай ережеге сай әрекет ете алатындықтарына көз жеткізу. Эвакуация барысында өзіне ғана емес, қасындағы сыныптас досына да көмектесу жолдарын үйрету болып табылады» дейті №7 «Тұран» мектеп-гимназиясының директоры Хадиша Кожбанова.

Дабыл қағылған сәттен 5 минут ішінде көмекке келген Жетісай аудандық №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері мектеп асханасынан шыққан өртті ауыздықтап, қауіптің бетін қайтарды. Оқушылардың төтенше жағдай кезіндегі ережелерге қатысты сұрақтарына жауап берді. Өрт сөндіру құралдары мен киімдерін таныстырды.

«Оқушылардың төтенше жағдай кезіндегі әрекеттерін жоғары бағалауға болады. Эвакуациялық алаңға шығуы, арнайы посттар мен жағдайға қарай кезекшіліктер ұйымдастыруы, жарақат алғандарды қауіпсіз аймақтарға шығарып, алғашқы медициналық көмектер көрсетуі – оқушылардың төтенше жағдайға байланысты білімдерінің жетік екенін көрсетті» дейді Жетісай аудандық №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Жүсіп Темірұлы.

Аталмыш мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Ержан Анарбайұлының айтуынша бүгінде мектепте орнатылған 27 бейнекамераның 11-і ішкі бақылауды жүргізсе, 16 бейнекамера сыртқы қауіпсіздікке арналған. Одан бөлек әрбір сыныптар мен қосалқы кабинеттерде өрт қауіпсіздігі дабыл қондырғылары, әр қабатта дауыс ұлғайтқыштар талапқа сай жұмыс істеп тұр.

«Төтенше жағдайларға қатысты оқу-жаттығу шараларын жылына 4 рет өткізіп отырамыз. Оқушыларымызға да, ұстаздарымызға да теориялық білім беру, ережелерді түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу – басшының тікелей бақылауында тұрған іс» дейді алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Ержан Анарбайұлы.


https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1401312680290774&id=100012361658637