БАЛАНЫҢ БАС ҰСТАЗЫ – АТА-АНА » №7 «Тұран» мектеп-гимназия »КММ
Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының
Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің
"№7 «Тұран» мектеп-гимназия"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72774) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72774) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
06
май
2025

БАЛАНЫҢ БАС ҰСТАЗЫ – АТА-АНА

2025 жылдың 2 мамыр күні Жетісай ауданына қарасты №7 Тұран мектеп-гимназиясында ерекше рухани, тәрбиелік мәні зор шара – «БАЛАНЫҢ БАС ҰСТАЗЫ – АТА-АНА» атты ата-аналар форумы өтті. Бұл тағылымды жиынның шын мәніндегі шуағы мол, жүрекке жылы әсері әр қатысушының жан дүниесін тербетті.
Форумды ұйымдастырушы – білім мен тәрбиені қатар өрген, өз ісіне адал, елжанды азамат – мектеп директоры Хадиша Қожбанова ханым. Шараның басты мақсаты – мектеп пен ата-аналар, оқушылар мен мұғалімдер арасындағы байланысты нығайту, бірлік пен түсіністікке негізделген тәрбиенің тамырын тереңдету, бала тәрбиесіне қоғам болып атсалысу.
Жиында ата-аналармен қатар мектеп мұғалімдері, оқушылар мен жергілікті зиялы қауым өкілдері бас қосып, бала тәрбиесіндегі отбасы мен мектептің рөлі жөнінде келелі ойларымен бөлісті. Форум аясында тәрбиелік мәні зор баяндамалар оқылып, шынайы пікір алмасулар өрбіді. Әсіресе ата-аналардың шынайы тәжірибеге негізделген ой-пікірлері тыңдаушыларды бейжай қалдырмады.
Форум аясында жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды сіңіруге бағытталған театрландырылған көріністер, оқушылардың жүрек тебірентерлік көркем өнерпаздық қойылымдары көрермен көңілінен шығып, көптің ыстық ықыласына бөленді.
Мектеп – білім ордасы ғана емес, тәрбиенің киелі бесігі екенін тағы бір мәрте айшықтаған бұл шарада ата-аналарға баламен дұрыс қарым-қатынас орнату, оның ішкі жан дүниесін түсіну, әрбір жеткіншекке жеке тұлға ретінде қарау жайлы маңызды кеңестер берілді. Қатысушылар арасындағы ашық сұқбат пен өзара пікір алмасу форумның шынайы әрі жанды өтуіне сеп болды.
Осы әсерлі жиынның барысын жергілікті телеарна түсіріп, көпшіліктің назарына ұсынды. Бұл – мектеп пен қоғам арасындағы алтын көпірдің берік екенін тағы бір дәлелдеген көрініс. Форум соңында қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, естелік суреттерге түсу сәті орын алды.
«Баланы тәрбие қылу – ұлт болашағын қалыптастыру» деген дана халқымыздың тағылымды сөзі форумның өзегіне айналды. Осындай мағыналы басқосулар арқылы ұрпақ тәрбиесіне қатысты ұлы істердің бастамасы қалануда. Бұл – мектеп ұжымының, ата-ананың, жалпы қоғамның ортақ жеңісі.